You are here

Regulation

Ішкі аудит департаменті туралы ереже

Осы Ереже Қазақстан Республикасының заңнамалық актілеріне сәйкес Қазақстан Республикасы Денсаулық сақтау министрлігінің (бұдан әрі - Министрлік) Ішкі аудит департаментінің мәртебесін, өкілеттіктерін және жұмысын ұйымдастыруды айқындайды.

  1. Жалпы ережелер

1. Ішкі аудит департаменті (бұдан әрі – ІАД) Қазақстан Республикасы Денсаулық сақтау министрінің (бұдан әрі-Министр) бұйрығымен құрылады.

2. ІАД өзінің қызметін Қазақстан Республикасының Конституциясына, «Мемлекеттік аудит және қаржылық бақылау туралы» 2015 жылғы 12 қарашадағы Қазақстан Республикасының Заңына (бұдан әрі - Заң),  қолданыстағы заңнаманың талаптарына және Министрліктің ішкі құжаттарына сәйкес жүзеге асырады.

3. ІАД құрылымын және штат санын Министрліктің жауапты хатшысы бекітеді.

4. ІАД қызметкерлерінің функционалдық міндеттері, құқықтары және жауапкершілігі ІАД туралы ереженің негізінде әзірленетін тиісті лауазымдық нұсқаулықтармен айқындалады және  Министрдің келісуі бойынша бұйрықтың негізінде жауапты хатшы бекітеді.

5. ІАД:

  1. Ішкі аудит және ішкі бақылау жүйесін бағалау басқармасынан;
  2.  Ішкі аудит, мониторинг және қаржылық бақылау басқармасынан тұрады.
  1. ІАД мәртебесі

5. ІАД басқа құрылымдық бөлімшелерден тәуелсіз Министрліктің бөлімшесі болып табылады, Министрге есеп береді және бағынады.

6. ІАД ішкі мемлекеттік аудитті жүргізуге және ішкі аудит нәтижелері туралы есептер дайындауда тәуелді емес.

7. ІАД Министрліктің басқа құрылымдық бөлімшелерінің құзыретіне жататын жұмыстарға, сондай-ақ оның өкілеттіктеріне жатпайтын бағдарламалар мен жобаларды дайындауға немесе орындауға тартылмайды.

8. ІАД қызметкерлеріне ІАД мәртебесіне, Министрлік туралы ережеге  және Ішкі аудит департаменті туралы ережеге сәйкес қолданылмайтын құжаттарды қоспағанда министрліктің ішкі құжаттарының ережелері қолданылады.

9. ІАД қызметін бағалауды ішкі мемлекеттік аудит жөніндегі  уәкілетті орган жүргізеді.

3. ІАД мақсаттары, негізгі міндеттері, функциялары,

құқықтары мен міндеттемелері

10. ІАД негізгі мақсаты Министрліктің стратегиялық мақсаттар мен міндеттеріне қол жеткізуде Министрге жәрдемдесу, Министрлікті тиімді басқаруды қамтамасыз етуге,  бюджет қаражатын, мемлекеттің активтерін және тәуекелдерді басқару жүйесіне негізделген квазимемлекеттік сектордың субъектілерін басқару және пайдалану тиімділігін арттыруға арналған тәуелсіз және объективті ақпаратты Министрге ұсыну болып табылады.

11. ІАД міндеттері:

1) мемлекеттік органның стратегиялық құжаттарының мақсаттары мен міндеттеріне қол жеткізуін талдау;

2) қаржылық және басқарушылық ақпаратты, мемлекеттік органдардың қызметін ұйымдастырудың ішкі процестерінің тиімділігін, мемлекеттік көрсетілетін қызметтердің сапасын, мемлекет активтерінің сақталуын талдау, бағалау және олардың сенімділігі мен дұрыстығын тексеру.

12. ІАД функциялары:

1) қаржылық есептілік аудитін жүргізуге қатысады;

2) Министрлікте, оның аумақтық бөлімшелерінде, ведомстволық бағыныстағы  ұйымдарда олардың қызметінің барлық бағыттары, оның ішінде көрсетілетін мемлекеттік қызметтердің сапасы бойынша тиімділік аудитін жүргізеді;

3) Министрлікте, оның аумақтық бөлімшелерінде және ведомстволық бағыныстағы ұйымдарда сәйкестік аудитін жүргізеді;

4) мемлекеттік сатып алуды өткізу рәсімдерінің және шарттардың талаптарын орындаудың, оның ішінде сатып алынатын тауарлардың, жұмыстардың, қызметтердің мерзімдері, көлемі, бағасы, саны мен сапасы бойынша сәйкестік аудитін жүргізеді;

5) Министрлікте, оның аумақтық бөлімшелерінде және ведомстволық бағыныстағы ұйымдарда Министрліктің ішкі процестерінің (бизнес процестерінің) тәуекелдерін басқару жүйесінің негізінде ішкі бақылау және басқару жүйесінің жұмыс істеуін бағалауды жүзеге асырады;

6) Министрліктің бюджеттік шығыстарымен өзара байланыстағы стратегиялық жоспарының мақсаттары мен міндеттеріне қол жеткізуді, оның ішінде дамуға арналған нысаналы трансферттерді іске асыруды қоса алғанда бюджеттік инвестициялар шеңберінде талдайды;

7) Министрлікте, оның аумақтық бөлімшелерінде және ведомстволық бағыныстағы ұйымдарда тауарлық-материалдық қорлардың және өзге де активтердің сақталуына тексеруді жүзеге асырады;

8) ішкі мемлекеттік аудит  жүргізумен байланысты мәселелер бойынша мемлекеттік аудит объектілерінің лауазымды тұлғаларының тиісті ақпаратын тыңдайды;

9) Қазақстан Республикасының заңнамасына сәйкес республикалық және (немесе) жергілікті бюджеттердің қаражатын пайдалану кезінде бұзушылықтардың жолын кесу, оларды болдырмау бойынша анықталған кемшіліктерді жою, мемлекеттік орган қызметін ұйымдастырудың ішкі процестерінің тиімділігін арттыру бойынша ұсыныстармен ішкі мемлекеттік аудит нәтижелері туралы Министрге есеп береді.

13. ІАД құқықтары:

1) құпиялық, қызметтік, коммерциялық режимді немесе заңмен қорғалатын өзге құпияның сақталуын ескере отырып, тиісті жылға мемлекеттік аудит объектілерінің тізбесін қалыптастыруға байланысты мәселелер бойынша ведомстволық ақпараттар жүйелері деректерінің құрамы мен форматы туралы мәліметтерді, құжаттаманы, ақпаратты, материалдарды (дәлелдемелерді), анықтамаларды, ауызша және жазбаша түсініктемелерді сұрату;

2) Қазақстан Республикасының бюджеттік заңнамасын жетілдіру және Қазақстан Республикасының қаржылық жүйесін дамыту бойынша ұсыныстар әзірлеу және оларды тиісті уәкілетті органға қарау үшін ұсыну;

3) мемлекеттік аудитті жүргізу шеңберінде құпиялылық, қызметтік, коммерциялық режимді немесе заңмен қорғалатын өзге құпияның сақталуын ескере отырып, мемлекеттік аудит объектілерінің аумағына және үй-жайларына кедергісіз рұқсат алу;

4) мемлекеттік аудиттің міндеттері мен мәніне сәйкес ішкі аудит нәтижелері туралы есепті дайындау үшін құзыретіне кіретін мәселелер бойынша белгіленген мерзімдерде қажетті құжаттаманы, оның ішінде электрондық жеткізгіштерде ақпаратты алуға, сондай-ақ ақпараттық жүйелерге  қолжетімділікті, жазбаша және ауызша түсініктемелерді және өзге де ақпаратты оның ішінде құпиялылық, қызметтік, коммерциялық режимді немесе заңмен қорғалатын өзге де құпияны сақтауды ескере отырып, мемлекеттік құпиядан  және заңмен қорғалатын өзге  де құпиядан тұратын ақпаратты алу;

5) мемлекеттік бақылау және қадағалау органдары жүргізген мемлекеттік бақылау және қадағалау нәтижелері бойынша қабылданған актілерді және құжаттарды сұрату;

6) өз құзыреті шегінде мемлекеттік аудит объектілерінің басшыларынан және басқа да лауазымды тұлғалардан тиісті жылға мемлекеттік аудит объектілерінің тізбесін қалыптастыру және мемлекеттік аудитті жүргізу кезінде анықталған бұзушылық фактілері бойынша жазбаша түсініктемелерді, сондай-ақ белгіленген тәртіппен куәландырылған құжаттардың қажетті көшірмелерін ұсынуды талап ету;

7) тиісті мемлекеттік органның ведомстволық бағыныстағы ұйымдарда ішкі бақылау жүйесін ұйымдастыру бойынша жұмыста консультациялық қызметтер көрсету;

8) Қазақстан Республикасының заңнамалық актілерінде көзделген өзге де құқықтарының болуы.

14. ІАД міндеттері:

1) мемлекеттік аудит және қаржылық бақылау стандарттарына сәйкестікке қатаң  түрде ішкі мемлекеттік аудит жүргізу;

2) ІАД-ның жылдық және тоқсандық жұмыс жоспарларын, ІАД оқыту бойынша жоспарларын әзірлейді, Министрге бекітуге ұсынады және оның орындалуын қамтамасыз етеді;

3) тәуекелдерді басқару жүйесінің негізінде Министр  бекітетін тиісті жылға мемлекеттік аудит объектілерінің тізбесін қалыптастырады;

4) Мемлекеттік құпия және (немесе) мәліметтердің таратылуы шектелген қызметтік ақпараттан тұратын мәліметтер туралы Қазақстан Республикасының заңнамасына сәйкес Қазақстан Республикасының Үкіметі айқындаған  мемлекеттік құпиялардан  тұратын  мәліметтерді қоспағанда  тиісті жылға бекітілген мемлекеттік аудит объектілерінің тізбесін және оған енгізілген өзгерістерді оларды бекіткен күнінен бастап бес жұмыс күні ішінде Министрліктің интернет-ресурсында орналастырады;

5) тексерулердің қайталануын болдырмау мақсатында мемлекеттік аудит және қаржылық бақылау органдарымен тиісті жылға мемлекеттік аудит объектілерінің тізбесін және оған енгізілген өзгерістерді келіседі;

6) мемлекеттік аудит және қаржылық бақылау органдары, оның ішінде ІАД  берген  ұсынымдардың және міндетті түрде орындау үшін жіберілген ұйғарымдардың орындалу мониторингін жүйелі негізде жүзеге асырады;

7) мемлекеттік аудит объектілерінің лауазымдық тұлғаларының  мемлекеттік аудитті жүргізу кезінде сұратылған құжаттар мен материалдарды ұсынбау немесе уақтылы ұсынбау фактілері бойынша актілер жасайды;

8) Қазақстан Республикасының заңнамасын, мемлекеттік аудит объектілерінің құқықтарын және заңды мүдделерін сақтайды;

9) Қазақстан Республикасының заңнамасында белгіленген мерзімдерде мемлекеттік аудит және қаржылық бақылау материалдарының бірыңғай деректер базасын орналастырады;

10) мемлекеттік аудит объектілерінің лауазымдық тұлғаларының              іс-әрекеттерінде қылмыстық немесе әкімшілік құқық бұзушылықтар белгілерін анықталған жағдайда құқық қорғау органдарына немесе әкімшілік құқық бұзушылықтар туралы істерді қозғауға және (немесе) қарауға уәкілетті органдарға тиісті аудиторлық дәлелдермен қоса материалдарды береді;

  11) мемлекеттік аудит объектісінің белгіленген жұмыс режиміне кедергі жасамайды;

  12) Қазақстан Республикасының заңнамасына сәйкес бұзушылықтардың алдын алу, анықтау және бұзушылықтардың жолын кесу бойынша берілген өкілеттіктерді уақтылы және толық көлемде орындайды;

  13) қызметтік және кәсіби этика талаптарын сақтайды;

  14) мемлекеттік аудит объектісінің басшысына (лауазымдық тұлғаларына) мемлекеттік аудитті және қаржылық бақылауды жүргізу кезінде қатысуға кедергі жасамайды, мемлекеттік аудит және қаржылық бақылау мәніне қатысты мәселелер бойынша түсініктемелер береді;

  15) мемлекеттік аудит және қаржылық бақылау нәтижесінде алынған құжаттар мен мәліметтердің сақталуын, оның ішінде мемлекеттік құпияларға, қызметтік, коммерциялық және заңмен қорғалатын өзге де құпияға жататын мәліметтерді жарияламауды қамтамасыз етеді;

  16) Министрге мүдделер шиеленісіне ықпал ететін жағдайлар туралы хабарлайды;

  17) мемлекеттік аудит нәтижелерін мемлекеттік аудит барысында алынған және жиналған тек ақпаратты және нақты фактілерді ғана негіздейді;

  18) Министр басшылық ететін Мемлекеттік аудит және тәуекелдер жөніндегі кеңеспен өзара іс-қимыл жасайды, оның ұсыныстарының іске асырылуын қамтамасыз етеді;

  19) Қазақстан Республикасының заңнамалық актілерінде көзделген өзге де міндеттер.

  15. ІАД оған жүктелген функциялар мен міндеттердің уақтылы және сапалы орындалуын қамтамасыз етеді.

  16. Мемлекеттік аудитті жүзеге асыру кезінде мемлекеттік аудиттің негізгі қағидаттары мен қаржылық бақылау стандарттарын бұзғаны үшін ІАД қызметкерлері Қазақстан Республикасының заңдарына сәйкес дербес тәртіптік, әкімшілік және қылмыстық жауапты болады.

4. ІАД қызметін ұйымдастыру

17. ІАД–ға басшылықты министрліктің жауапты хатшысы лауазымға тағайындайтын және лауазымнан босататын ІАД директоры (белгіленген тәртіппен жауапты хатшының өкілеттіктері жүктелген лауазымды тұлға)    жүзеге асырады.

18. ІАД директоры ІАД-ға жүктелген міндеттердің орындалуын және функцияларының, оның ішінде сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимылдың жүзеге асырылауын қамтамасыз етеді, ІАД қызметкерлерінің құқықтарын, міндеттерін және жауапкершілігін айқындайды, Мемлекеттік аудит және тәуекелдер жөніндегі кеңестің құрамына қатысады.

19. ІАД директоры Министрге Министрліктің жауапты хатшының  (белгіленген тәртіппен, жауапты хатшысының өкілеттіктері жүктелген лауазымды тұлғалармен) келісу бойынша ІАД-ның құрылымы  мен штат кестесі бойынша ұсыныстарды ұсынады.

20. ІАД құзыретіне кіретін мәселелер бойынша ІАД-ның атынан басқа құрылымдық бөлімшелерге, ведомстволарға, аумақтық органдар мен ведомстволық бағынысты ұйымдарға жіберілетін құжаттар мен сұрау салуларға  ІАД-ның директоры, ал ол болмаған жағдайда – оны алмастыратын адам қол қояды.

21. ІАД қызметкерлерінің мемлекеттік қызметті өткеру жағдайлары Қазақстан Республикасының мемлекеттік қызмет туралы заңнамасымен, Қазақстан Республикасының еңбек заңнамасымен, Қазақстан Республикасының мемлекеттік аудит және қаржылық бақылау туралы заңнамасымен, Ішкі аудит қызметі туралы ережемен және Қазақстан Республикасының өзге де нормативтік құқықтық актілермен айқындалады.

22. ІАД қызметі оларға жүктелген міндеттер мен өкілеттіктерді іске асыруды қамтамасыз ету мақсатында олардың бірінші басшылары бекітетін ІАД перспективалық, жылдық, тоқсандық жұмыс жоспарына және мемлекеттік аудит объектілерінің тізбесіне сәйкес жүзеге асырылады.

5. ІАД есептілігі

23. ІАД ішкі мемлекеттік аудит жөніндегі уәкілетті органға жүргізілген мемлекеттік аудит және  қабылданған шаралар туралы есептер мен ақпаратты жібереді.

24. ІАД жыл сайын Министрге, сондай-ақ ішкі мемлекеттік аудит жөніндегі уәкілетті органға ішкі мемлекеттік аудиттің қорытындысы бойынша жылдық есепті ұсынады.

Mobile version RSS Site map