You are here

Глоссарий

Денсаулық сақтау саласындағы мемлекеттік бақылау мен қадағалау Қазақстан Республикасы заңнамасы талаптарының сақталуы мен орындалуын тексеруге, сондай ақ денсаулық сақтау саласындағы құқық бұзушылықтардың алдын алуға, жолын кесуге және оларды жоюға бағытталған шаралар кешенін білді білдіреді;

Медициналық сараптама (бұдан әрі - денсаулық сақтау саласындағы сараптама) - денсаулық сақтау қызметінің әртүрлі аяларындағы құралдардың, әдістердің, технологиялардың, көрсетілетін қызметтердің деңгейі мен сапасын анықтауға бағытталған ұйымдастырушылық, талдамалық және практикалық іс-шаралардың жиынтығы;

Медициналық көмектің сапасы – көрсетілетін медициналық көмектің денсаулық сақтау саласындағы медициналық ғылым мен технологияның қазіргі заманғы даму деңгейі негізінде белгіленген стандарттарға сәйкестік деңгейі;

Медициналық қызметтер сапасының сараптамасы – тиімділігі, толықтығы мен медициналық қызметтер стандарттарына сәйкестігінің көрсеткіші көрсетілетін индикаторларды пайдалана отырып, жеке және заңды тұлғалар ұсынатын медициналық қызметтер сапасының деңгейі бойынша қорытынды шығару үшін жүзеге асырылатын ұйымдастыру, талдамалық және практикалық іс-шаралардың жиынтығы;

Ішкі бақылау қызметі (аудит) – денсаулық сақтау ұйымы деңгейінде медициналық көмек сапасын басқару жөніндегі қызметтерді жүзеге асыратын және тиісті өкілеттіктері бар медициналық ұйымның құрылымдық бөлімшесі;

Тәуелсіз сараптама – көрсетілетін медициналық қызметтердің тиімділігінің, толықтығының және стандарттарға сәйкестігінің көрсеткішін көрсететін индикаторларды пайдалана отырып, денсаулық сақтау субъектілері көрсететін медициналық қызметтер сапасының деңгейі туралы қорытынды шығару мақсатында, сондай-ақ мамандардың біліктілік деңгейін айқындау мақсатында өткізілетін рәсім;

Тәуелсіз сарапшы – денсаулық сақтау субъектілерінің қызметіне тәуелсіз сараптама жүргізу үшін белгіленген тәртіппен аккредиттелген жеке тұлға;

Сараптама қорытындысы – денсаулық сақтау саласындағы заңнамада белгіленген талаптардың сақталуына тәуелсіз сарапшының алдына қойған мәселелер бойынша негізделген тұжырымдар;

Ішкі индикаторлар – денсаулық сақтау субъектілерінің әрбір құрылымдық бөлімшелерінің медициналық қызметтер көрсету тиімділігін, толықтығын және медициналық қызметтің сапасын бағалау мен сараптауды жүргізу мақсатында оның денсаулық сақтау саласы стандарттарына сәйкестігін сипаттайтын ішкі сараптамада қолданылатын көрсеткіштер;

Сыртқы индикаторлар – денсаулық сақтау субъектілерінің әрбір құрылымдық бөлімшелерінің медициналық қызмет көрсету тиімділігін, толықтығын және медициналық қызметтің сапасын бағалау мен сараптауды жүргізу мақсатында оның денсаулық сақтау саласы стандарттарына сәйкестігін сипаттайтын сыртқы сараптамада қолданылатын көрсеткіштер;

Ауруханаішілік комиссиялар – стационарлық көмек көрсету ұйымдарында құрылатын комиссиялар (ауруханаішілік инфекциялардың профилактикасы бойынша, өлім-жітім жағдайларын қарау бойынша);

Ретроспективалық талдау – бұрын медициналық көмек алған пациенттердің медициналық құжаттамаларын зерделеу негізіндегі талдау;

Клиникалық аудит – денсаулық сақтау саласындағы стандарттарға сәйкестік тұрғысынан жүргізілген емдеу-диагностикалық іс-шараларды егжей-тегжейлі ретроспективалық және/немесе ағымдық талдау;

Аяқталған жағдай – пациентке бастапқы қаралу сәтінен бастап ем аяқталғанға дейін амбулаториялық-емханалық деңгейде көрсетілген медициналық қызметтер кешені;

Емделген жағдай – пациентке түскен сәтінен бастап шығарылғанға дейін стационарлық (стационарды алмастыратын) жағдайда көрсетілген медициналық қызметтер кешені;

Гемопоэздік тін жасушалары – адамның сүйек кемігінің саралана алатын қабілеті бар жасушалары;

Қырынды – микроскопиялық, цитоморфологиялық және бактериоскопиялық зерттеу үшін арнайы аспаппен қыру арқылы алынған адамның зерттелетін материалы;

Патологиялық шығындылар – бұл сыртқы ортаға бөлінетін, патологиялық процестің дамуы нәтижесінде пайда болған немесе өздерінің физикалық-химиялық қасиеттері мен химиялық құрамын өзгерткен (ағзадағы патологиялық процесс кезінде пайда болатын шығындылар) адамның тіршілік ету өнімдері;

Сүйек кемігі – сүйектің кеуекті затында және сүйек-кемік қуыстарында орналасқан орталық қан өндіру органы;

Сүртінді – микроскоппен одан әрі зерттеу мақсатында шыны затқа жағылған адамның зерттелетін материалы;

Тін – ортақ пайда болумен, құрылымымен және орындайтын функцияларымен біріктірілген адам ағзасының жасушалары мен жасушааралық заттарының жиынтығы;

Маман – медициналық бiлiмi бар денсаулық сақтау саласының қызметкерi;

Стандартталған пациент – науқасты шынайы бейнелеуге оқытылған: оның шағымдарын, психоэмоционалдық жағдайын келтіретін, қандай да бір клиникалық жағдайды жоғарғы дәрежеде сахналауға қабілеті бар жеке тұлға;

Дәрілік заттар - аурулардың профилактикасына, диагностикасына және оларды емдеуге, сондай-ақ организмнің жай-күйі мен функцияларын өзгертуге арналған фармакологиялық активті заттарды білдіретін немесе оларды қамтитын заттар: дәрілік субстанция, табиғаттан алынатын дәрілік шикізат, дәрілік ангро- және балк-өнімдер, дәрілік препараттар, медициналық иммундық-биологиялық препараттар, парафармацевтикалар;

Дәрілік заттардың, медициналық мақсаттағы бұйымдар мен медициналық техниканың айналысы - қауіпсіз, тиімді және сапалы дәрілік заттарды, медициналық мақсаттағы бұйымдар мен медициналық техниканы әзірлеушіден және (немесе) өндірушіден тұтынушының қолдануына дейін жеткізу процесінде жүзеге асырылатын қызмет;

Дәрілік заттардың, медициналық мақсаттағы бұйымдар мен медициналық техниканың айналысы саласындағы объектілер - Қазақстан Республикасының Үкіметі бекіткен үлгілік ережелерге сәйкес жұмыс істейтін дәріхана, алғашқы медициналық-санитариялық, консультациялық-диагностикалық көмек көрсететін денсаулық сақтау ұйымдарындағы дәріхана пункті, шалғайдағы ауылдық жерлерге арналған жылжымалы дәріхана пункті, дәріхана қоймасы, дәрілік заттарды, медициналық мақсаттағы бұйымдар мен медициналық техниканы уақытша сақтау қоймасы, оптика дүкені, медициналық техника мен медициналық мақсаттағы бұйымдардың дүкені, медициналық техника мен медициналық мақсаттағы бұйымдардың қоймасы, дәрілік заттарды, медициналық мақсаттағы бұйымдар мен медициналық техниканы өндіру жөніндегі ұйымдар;

Дәрілік заттардың, медициналық мақсаттағы бұйымдар мен медициналық техниканың айналысы саласындағы субъектілер - фармацевтикалық қызметті жүзеге асыратын жеке немесе заңды тұлғалар;

Дәрілік заттардың, медициналық мақсаттағы бұйымдар мен медициналық техниканың мемлекеттік тізілімі - Қазақстан Республикасында тіркелген және медициналық қолдануға рұқсат етілген дәрілік заттарды, медициналық мақсаттағы бұйымдар мен медициналық техниканы есепке алу құжаты;

Дәрілік заттың жарамдылық мерзімі - уақыты біткеннен кейін дәрілік затты қолдануға болмайтын күні;

Дәрілік заттың қаптамасы - дәрілік заттарды бүлінуден және ысырап болудан қорғау жолымен олардың айналысы процесін қамтамасыз ететін, сондай-ақ қоршаған ортаны ластанудан сақтайтын құрал немесе құралдар кешені;

Дәрілік заттың, медициналық мақсаттағы бұйымдар мен медициналық техниканың сапасы - дәрілік заттың, медициналық мақсаттағы бұйымдар мен медициналық техниканың белгіленуі бойынша әсер ету қабілетіне ықпал ететін қасиеттері мен сипаттамаларының жиынтығы;

Дәрілік заттың халықаралық патенттелмеген атауы - дәрілік заттың Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымы ұсынған атауы;

Дәрілік препарат - белгілі бір дәрілік нысандағы дәрілік зат;

Жалған дәрілік зат - құрамы, қасиеттері және басқа да сипаттамалары бойынша өндірушінің бірегей немесе қайта өндірілген дәрілік затына (генерикке) сәйкес келмейтін, құқыққа қайшы және әдейі түрде қолдан жасалған этикеткамен жабдықталған дәрілік зат;

Клиникаға дейінгі (клиникалық емес) зерттеу - адамның денсаулығына ерекше әсер етуін және (немесе) қауіпсіздігін зерделеу мақсатында сыналатын затты немесе физикалық әсерді, аурулар профилактикасының, оларды диагностикалау мен емдеудің құралдарын, әдістері мен технологияларын зерделеу жөніндегі химиялық, физикалық, биологиялық, микробиологиялық, фармакологиялық, токсикологиялық және басқа да эксперименттік ғылыми зерттеулер немесе зерттеулер сериясы;

Клиникалық зерттеу - субъект ретінде адамды қатыстыра отырып, аурулардың профилактикасы, оларды диагностикалау мен емдеу құралдарының, әдістері мен технологияларының қауіпсіздігі мен тиімділігін анықтау немесе растау үшін жүргізілетін зерттеу;

Қазақстан Республикасының мемлекеттік фармакопеясы - дәрілік заттардың сапасы мен қауіпсіздігін нормалайтын ұлттық стандарттар мен ережелердің жинағы;

Медициналық мақсаттағы бұйымдар - профилактикалық, диагностикалық және емдеу іс-шараларын жүргізу үшін пайдаланылатын бұйымдар мен материалдар: медициналық құрал-саймандар, стоматологиялық, шығындық, таңу және тігу материалдары, бекітетін таңғыштар мен құрылғылар, медициналық оптика бұйымдары;

Медициналық техника - аурулардың профилактикасы, оларды диагностикалау, емдеу, оңалту, медициналық сипаттағы ғылыми зерттеулер үшін медициналық мақсатта жеке түрде, кешеннің немесе жүйенің құрамында қолданылатын аппараттар, аспаптар мен жабдықтар;

Фармацевтикалық қызмет - дәрілік заттарды, медициналық мақсаттағы бұйымдар мен медициналық техниканы өндіру, дайындау (медициналық техникадан басқасын), көтерме және бөлшек саудада өткізу бойынша денсаулық сақтау саласында жүзеге асырылатын, дәрілік заттарды, медициналық мақсаттағы бұйымдар мен медициналық техниканы сатып алуға (алуға), сақтауға, әкелуге, әкетуге, сапасын бақылауға, ресімдеуге, таратуға, пайдалануға және жоюға, сондай-ақ олардың қауіпсіздігін, тиімділігін және сапасын қамтамасыз етуге байланысты қызмет.

 

 

Мобильді нұсқа RSS Сайт картасы