You are here

Акушерлік практикадағы ана мен перинаталдық өлім-жітімге, қиын жағдайларға құпия аудит жүргізуді ұйымдастыру туралы

Акушерлік практикадағы ана мен
перинаталдық өлім-жітімге,
қиын жағдайларға құпия аудит жүргізуді
ұйымдастыру туралы

Ана мен перинаталдық өлім-жітімді азайту және аналар мен балаларға көрсетілетін медициналық көмектің сапасын арттыру мақсатында БҰЙЫРАМЫН:

  1. Қазақстан Республикасының Денсаулық сақтау және әлеуметтік даму министрінің 2016 жылғы 11 наурыздағы № 190 «Акушерлік практикадағы ана және перинаталдық өлімнің, қиын жағдайлардың құпия аудитін жүргізуді ұйымдастыру туралы» бұйрығының күші жойылсын.
  2. Облыстардың, Астана және Алматы қалаларының Денсаулық сақтау басқармаларының басшылары (келісім бойынша):

ана өлім-жітіміне құпия аудит жүргізу үшін:

  1. 2016 жылғы 27 мамырға дейінгі мерзімде ана өлім-жітімі құпия аудитінің өңірлік үйлестірушісін белгілесін;
  2. әйел адам қайтыс болған кезден бастап 25 күннен кешіктірмей өлімге әкеп соққан медициналық және медициналық емес сипаттағы факторларды анықтау үшін медициналық қызметкерлер мен қайтыс болған әйел адамның жақын туыстарына анонимдік сауалнама жүргізуді қамтамасыз етсін;
  3. әйел адам қайтыс болған кезден бастап 30 күн ішінде өңірлік үйлестірушінің Қазақстан Республикасы Денсаулық сақтау және әлеуметтік даму министрлігінің «Денсаулық сақтауды дамыту республикалық орталығы» шаруашылық жүргізу құқығындағы республикалық мемлекеттік кәсіпорнына (бұдан әрі – ДДРО) қайтыс болған әйелдің иесіздендіру құжаттарын, анонимдік сауалнаманы ұсынуын қамтамасыз етсін;

перинаталдық өлім-жітімге құпия аудит жүргізу үшін:

  1. 2016 жылғы 27 мамырға дейінгі мерзімде босандыру немесе балалар стационары ұйымдарында 37 аптадан асқан гестациялық жастағы және туған кездегі дене салмағы 2500,0 грамнан асатын жаңа туған нәрестенің немесе іштегі баланың әрбір шетінеу жағдайы бойынша құжаттар дайындауға жауапты адамды тағайындауды қамтамасыз етсін;
  2. 2016  жылғы   27 мамырға дейінгі мерзімде перинаталдық өлім-жітім құпия аудитінің өңірлік үйлестірушісін белгілесін;
  3. іштегі бала немесе жаңа туған нәресте шетінеген кезден бастап 3 жұмыс күні ішінде іштегі баланың немесе жаңа туған нәрестенің өліміне әкеп соққан медициналық      және     медициналық     емес     сипаттағы     факторларды   анықтау үшін медициналық   қызметкерлер мен шетінеген    баланың ата-аналарына   әрбір қайтыс   болу   жағдайына   анонимдік  сауалнама  жүргізуді  қамтамасыз  етсін;
  4. іштегі бала өлі туған немесе жаңа туған нәресте 7 тәулікке жетпей шетінеп     кеткен    кезден   бастап  14 күн  ішінде  өңірлік  үйлестірушінің  ДДРО-ға жаңа       туған     нәрестенің     немесе     іштегі    баланың   әрбір    шетінеу   жағдайы          бойынша иесіздендіру құжаттары мен анонимдік сауалнаманы ұсынуын қамтамасыз етсін;

акушерлік практикадағы қиын жағдайларға (көп қан кету, акушерлік сепсис, декомпенсация сатысындағы созылмалы сырқаттар немесе жағдайдың ауырлауына себепші болған жүктілік кезіндегі жіті пайда болған сырқаттар) құпия аудит жүргізу үшін:

  1. 2016 жылғы 27 мамырға дейінгі мерзімде босандыру ұйымдарында акушерлік практикадағы қиын жағдайларға аудит жүргізу жөніндегі жұмыс тобын (бұдан әрі – жұмыс тобы) құруды қамтамасыз етсін;
  2. 2016 жылғы 27 мамырға дейінгі мерзімде акушерлік практикадағы қиын жағдайларға аудит жүргізу жөніндегі өңірлік үйлестірушіні (бұдан әрі – өңірлік үйлестіруші) белгілесін;
  3. Жұмыс тобының акушерлік практикадағы қиын жағдайларға сараптама жүргізуін және оны ай сайын есепті кезеңнен кейінгі айдың 5-іне қарай өңірлік үйлестірушіге ұсынуын қамтамасыз етсін;
  4. өңірлік үйлестірушінің ДДРО-ға акушерлік практикадағы қиын жағдайлар жөніндегі  жиынтық талдамалық ақпаратты тоқсан сайын есепті кезеңнен кейінгі айдың 10-ына қарай ұсынуын қамтамасыз етсін.
  1. Қамтамасыз етілсін:

1) Медициналық   көмекті    ұйымдастыру   департаменті   2016 жылғы 25 мамырға дейінгі   мерзімде   акушерлік практикадағы   ана мен перинаталдық өлім-жітімге,   қиын  жағдайларға құпия аудит жүргізу жөнінде әдістемелік ұсынымдар әзірлеп, оны ДДРО-ға, облыстардың,  Астана  және  Алматы  қалаларының   Денсаулық сақтау басқармаларына жіберсін;

2) ДДРО:

Қазақстан Республикасы Денсаулық сақтау және әлеуметтік даму министрлігімен келісу бойынша Акушерлік практикадағы ана мен перинаталдық өлім-жітімге, қиын жағдайларға құпия аудит жүргізу жөніндегі комиссия (бұдан әрі – Комиссия) құруды;

Комиссияның акушерлік практикадағы ана мен перинаталдық өлім-жітімге, қиын жағдайларға құпия   аудит жүргізуін;  

акушерлік  практикадағы ана мен перинаталдық өлім-жітімге, қиын жағдайларға құпия аудит жүргізудің нәтижелері бойынша талдамалық ақпаратты  жыл сайын жылдың есепті кезеңінен кейінгі айдың 20-сына қарай

Қазақстан Республикасы Денсаулық сақтау және әлеуметтік даму министрлігіне ұсынуды.

4. «Акушерлік практикадағы ана мен перинаталдық өлім-жітімді, қиын жағдайларды азайтудың кейбір мәселелері туралы» Қазақстан Республикасының Денсаулық сақтау және әлеуметтік даму министрінің 2015 жылғы 29 желтоқсандағы № 1073 бұйрығына мынадай өзгеріс енгізілсін:

1-тармақ алып тасталсын.

5. Осы бұйрықтың орындалуын бақылау Қазақстан Республикасының Денсаулық сақтау және әлеуметтік даму вице-министрі А.В.Цойға жүктелсін.

6. Осы бұйрық қол қойылған күнінен бастап күшіне енеді.

 

 

           Қазақстан Республикасының

           Денсаулық сақтау және

           әлеуметтік даму министрі                                                    Т. Дүйсенова

Орналастырылған: 04.05.2017
Жаңартылған: 04.05.2017
Мобильді нұсқа RSS Сайт картасы